ҚАЗАҚСТАНДА ШЕТЕЛДІК ЖҮКТЕРІ БАР КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ ҚҰРЫЛАДЫ

Қазақстанда заңсыз транзиттік тауарлардың елге импортын болдырмайтын жүйе құрылады. Халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалау туралы заң жобасы аясында Мәжіліс депутаттары тиісті түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев халықаралық трафикті бақылаудың ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасы мен ЕАЭС аумағы бойынша тауарлардың бүкіл қозғалысын және оны межелі жерге дейін жеткізуді бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Заң жобасын қабылдау тауарлардың барлық бағыт бойынша өткізілуінің үздіксіз мониторингін, тауарлардың межелі пункттерге дейін жеткізілуін және бюджетке тиесілі салықтар мен баждардың толық төленуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, төлемдері мен салықтары төленуге жататын тауарлардың өткізілуін қадағалау мүмкіндігі арқылы салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру болжанып отыр, бұл бюджетке түсетін түсімдерді арттырады», – деді ол.