Қазақстан мен Түркия машина жасау саласындағы ынтымақтастық туралы келісті
2021 жылғы 2 наурызда онлайн форматта “Қазақстан машина жасаушылар одағы” ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың, Түркияның машина жасау Федерациясы (MAKFED) директорлар кеңесінің төрағасы Аднан Далгакиранның, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының, Қазақстан Республикасындағы Түркия Республикасының Елшілігінің өкілдерінің, “Kazakh Invest” ҰК АҚ Түркиядағы өңірлік өкілі Нұрлан Ахметовтың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы экономикалық байланысты дамытуға бағытталған машина жасаудағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
“Қазақстан машина жасаушылар одағы” ЗТБ Басқарма Төрағасы Мейрам Пішембаев Қазақстанның машина жасау саласын дамыуы туралы баяндады. Сондай-ақ, ол жыл сайын машина жасау өнімдерінің импорты 17 млрд. АҚШ долларын, ал меншікті отандық өндіріс – 4,3 млрд АҚШ долларын құрайтынын атап өтті. Бұл түрік өндірушілері үшін Қазақстанда жаңа бірлескен өндірісті құру бойынша кең мүмкіндіктер ашады.
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі А. Сапарбекұлы екі елдің экспорттық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы маңызды ақпаратпен таныстырды. А. Сапарбекұлы Қазақстанға Түркияның озық технологияларын тартудың маңыздылығын, сондай-ақ екі қауымдастықтың кооперациясын күшейту қажеттігін атап өтті.
Түркияның машина жасау Федерациясы (MAKFED) директорлар кеңесінің төрағасы Аднан Далгакиран Қазақстан бауырлас ел және Түркияның басым серіктесі болып табылатынын атап өтті. Түрік машина жасаушылары Қазақстан машина жасаушыларының IX форумына қатысуға, сондай-ақ инвестицияларды тарта отырып, Қазақстанда жүзеге асырылатын әлеуетті жобаларды қарастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша екі елдің машина жасау қауымдастықтарының басшылары М.Пішембаев пен А. Далгакиран Қазақстан мен Түркияның машина жасау саласын дамытуға бағытталған бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруды қамтитын 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды.