Қазақстан-Австрия Іскерлік кеңесі елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтады
2024 жылғы 9 қазанда Венада Қазақстан-Австрия Іскерлік кеңесінің отырысы өтті, онда Қазақстан мен Австрия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Қазақстан тарапынан “Бәйтерек “ҰБХ” АҚ, “ҚАЗАҚСТАН темір жолы ҰК” АҚ, “Қазақстан инжиниринг “ҰК” АҚ, “ҚазАгроҚаржы” АҚ, “Kazakh Invest “ҰК” АҚ, “Қазақсельмаш” корпорациясының басшы қызметкерлері, Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы мен мемлекеттік органдарының басқа да өкілдері қатысты. Австриялық тарапты Австрияның Федералды экономикалық палатасының, ірі өнеркәсіптік және қаржылық компаниялардың басшылары ұсынды.
Іскерлік кеңестің қатысушылары екіжақты қатынастардағы оң динамиканы атап өтті. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Австрия арасындағы тауар айналымы 64% – ға артып, 332,6 млн долларға жетті. 2005 жылдан бастап Австриядан Қазақстанға тікелей инвестициялар ағыны 3 миллиард доллардан асты, бұл австриялық бизнестің Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстандық кәсіпкерлер республикада инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Инвесторлар үшін мемлекеттік қолдаудың кең спектрі қарастырылған. Инвесторларға бизнесті жүргізу үшін ерекше жағдайлар жасайтын “инвестициялық келісімшарт” тетігі әзірленді. Экономиканың басым секторларында жұмыс істеу үшін қажетті инфрақұрылымды және жеңілдікті жағдайларды қамтамасыз ететін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істейді.
Австриялық компанияларға электр, мұнай-газ және ауылшаруашылық машина жасау сияқты салаларда өндірістерді оқшаулауға және бірлескен кәсіпорындар құруға қатысу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Іскерлік кеңес шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі австриялық және басқа да еуропалық компаниялардың өкілдерімен В2В кездесулер өткізілді. Машина жасаудың негізгі секторларында бірлескен жобаларды жолға қою жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді, бұл Қазақстан мен Австрия арасындағы экономикалық байланыстар мен іскерлік әріптестікті нығайтуға қызмет етеді.
Сонымен қатар, ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен SCAT әуекомпаниясының вице – президенті Владимир Сытник Қазақстан мен Австрия арасындағы “Астана – Вена-Астана”тікелей рейсін іске қосу мәселесін пысықтауда.
Анықтама: 2012 жылы құрылған Қазақстан-Австрия Іскерлік кеңесі екі елдің бизнес-топтарының сауда-экономикалық ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылын үйлестірудің маңызды құралы болып табылады. Кеңес отырыстары барысында Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы арасындағы экономикалық байланыстардың жай-күйі мен дамуының өзекті мәселелері талқыланады. Қазақстанда “Kapsch”, “Liebherr”, “Gebrüder Weiss”, “Andritz Hydro”, “Herz Armaturen”, “Frey Wille”, “Trodat”, “Colop”, “Julius Blum” және басқа да әлемге әйгілі австриялық брендтер ұсынылған.