25.03.2026
Жастар зауытта жұмыс істегісі келмейді: Машина жасау саласы қалай дамып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Машина жасау дамыған елдерде өңдеу өнеркәсібінің негізгі саласы болып есептеледі. Қазақстандағы әлеует қандай? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге елдегі ахуалды зерделеді.


10 жылдағы өсім қандай?

Алдымен сандар сөйлесін. Қазақстанда машина жасау саласы соңғы он жылда қарқынды дамып, өндіріс көлемі 8,5 есеге артты. Әсіресе автокөлік пен электр жабдықтарын өндіру бағыттары серпін алып, отандық өндірістің құрылымын жаңа деңгейге көтере бастады.

«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің айтуынша, бұл – өндірістік әлеуеттің жүйелі әрі кезең-кезеңімен қалыптасуының нәтижесі.

– Отандық машина жасау бүгінде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі салаларының бірі әрі Қазақстанның индустриялық дамуының базалық тірегі болып отыр. Салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олар 37 қосалқы саланы қамтиды. Машина жасау тұрақты өсім көрсетіп, өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі шамамен 20%-ға жетті.

Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,7 трлн теңгеге жетіп, 8,5 есеге артып отыр, – деді Талғат Базарбеков.


Экспорттық әлеует артып жатыр

Саладағы өсім экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюімен қатар жүріп отыр. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан теміржол, электротехникалық және ауыл шаруашылығы машина жасау бағыттарында орнықты құзыреттер қалыптастырды.

Бүгінде отандық өнімдер Орталық Азия мен ТМД елдеріне, сондай-ақ Әзербайжан мен Вьетнамға жеткізілуде. Негізгі экспорттық нарық – үлесі 50%-дан асатын Ресей.

Бұл үрдісті халықаралық әріптестік айтарлықтай күшейткен. Елімізде Alstom, Wabtec және Stadler секілді ірі компаниялар  технология трансферіне жол ашуда. Ал тұрмыстық техника мен электроника сегментінде Samsung Electronics және басқа да инвесторлардың жобалары іске асырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы машина жасау саласында да әлемдік брендтердің қатысуы артып келеді.

Саланың экспортқа бағытталуы нақты инвестициялық жобалармен де бекітіліп отыр. Өткен жылы жалпы құны 655,5 млрд теңгені құрайтын 38 жоба іске қосылып, 9 967 жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты мен Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan өндірісі бар. Сондай-ақ өңірде «KamLitKZ» зауыты іске қосылып, жүк техникасына арналған редукторлар өндірісі жолға қойылды.

Талғат Базарбековтің пікірінше, қалыптасқан өндірістік база саланың экспорттық әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

– Мұнай-газ машина жасау саласында сорғылар, компрессорлар, арматура және құбыржолдарға арналған жабдықтар өндірісі дамып келеді. Бұл импортты алмастыруға және технологиялық тәуелсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Электротехника мен тұрмыстық техника өндірісіне тартылған инвестициялар да экспорттық әлеуетті күшейтеді. Саран қаласындағы «Silk Road Electronics» ЖШС базасында жаңа өндірістер дамытылып, Алматы облысында «ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY» жобасы жүзеге асырылуда. Жылына 750 мың данаға дейін өнім шығаратын бұл кәсіпорын ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа шығуға да жол ашады, – деді спикер.

Сонымен қатар салада шешімін күтіп тұрған жүйелі мәселелер де бар. Кадр тапшылығымен қатар импорттық шикізатқа тәуелділік, роботтандыру деңгейінің төмендігі және импорт үлесінің жоғары болуы негізгі түйткілдер қатарында қалып отыр. Бүгінде машина жасау өнімдері ел импортының шамамен 44%-ын құрайды. Бұған қоса, сыртқы нарыққа толыққанды шығу үшін халықаралық стандарттарға сәйкестік пен сервистік инфрақұрылымды дамыту қажет.

Мәселелерді шешуде мемлекеттік қолдау мен салалық үйлестірудің маңызы зор.

– Кәсіпорындардың жүктемесі көбіне тұрақты әрі ұзақмерзімді тапсырыстарға байланысты. Осыған орай салаға ашық, болжамды және жүйелі мемлекеттік қолдау қажет. Сұранысқа ие шаралардың қатарында шикізатқа қолжетімділікті арттыру, жеңілдетілген қаржыландыру, жергіліктендіруді қолдау, цифрландыру мен кадр даярлау бағдарламалары бар. Келесі кезең – экспорттық экспансия мен жаһандық өндірістік тізбектерге интеграция. Бұл жерде одақтың рөлі саланың мүддесін қорғауда, – деді Талғат Базарбеков.

Жалпы, сала дамуына қажетті негізгі алғышарттар қалыптасқан. Ресурстық база, өндірістік және инженерлік құзыреттер, сондай-ақ ірі нарықтарға географиялық жақындық – мұның барлығы машина жасау саласының әлеуетін арттырып отыр. Ендігі міндет – мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өсімді сапалы әрі тұрақты деңгейге шығару.


Дереккөз: inform.kz