28.09.2026
Темірге «тіл бітірген»

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – техника тізгінін ұстап, машина жасау саласының мерейін өсіріп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі. Кейінгі он жылда отандық машина жасау өндірісінің көлемі 8,5 есе ұлғайды.

Күні кеше сырттан келіп жүрген күрделі техника мен бөлшектің талайы бүгінде өз зауыттарымызда жасалып, төл өндірістің тынысын кеңейтті. Елде құрастырылған локомотивтер мен ауыл шаруашылығы техникасы алыс-жақын шетелге де жол тартты. Осы жетістіктің әр тетігінде инженердің ойы, шебердің қолтаңбасы, жұмысшының білек күші бар.


Техника түлей түсті

Машина жасау – эконо­ми­каның өзге салаларын қозға­лысқа келтіретін өн­дірістің бірі. Ауыл шаруашылығына тех­ника, энергетикаға жабдық, темір­жол­ға локомотив пен вагон, мұнай-газ, тау-кен, металлургия кәсіп­орындары­на түрлі құрал, бөл­шек, торап қажет. Қазақстан машина жасаушыларының одағы ұсынған деректерге сүйен­сек, қазір осы үлкен өндірістік тізбекте 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сала 37 бағытты қамтиды. Мұнда 120 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кейінгі 10 жылдағы өсім айқын. 2015 жылы машина жасау өндірісінің көлемі 670 млрд теңге болса, 2025 жылы 5,8 трлн теңгеге жетті. Яғни 8,5 есе ұлғайған. Биылғы қаң­тар-тамыз аралығында 3,7 трлн теңге­нің өнімі шығарылып, нақты өндіріс кө­лемі 21 пайызға артты. Негізгі капитал­ға салынған инвестиция 207 млрд теңгеге жетті.

Қазақстан машина жасау­шыларының одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақановтың пікірінше, саладағы қазіргі өзгерістің мәні өндіріс көлемінің өсуімен ғана өлшенбейді. 

«Машина жасаудың дамуы бүкіл эконо­микаға мультипликативті әсер етеді. Кейінгі жылдары кәсіп­орындар технологиялық үдеріс­т­ердің көбірек бөлігін ел ішін­де игеріп, өз компоненттік базасын қалыптастыра бастады. Сон­дықтан ендігі міндет өнді­ріс көлемін арттырумен ғана шек­телмейді. Шикізат пен бөлшек шығарудан бас­тап, дайын өнім өндіруге, оны сыртқы нарыққа алып шығуға дейінгі толық өндірістік орта қалыптастыру маңызды. Экспортты кеңейтуде жақын шетел нарығының мүмкіндігі мол. Географиялық жақындық, қалыптасқан іскерлік байланыстар, ал теміржол машина жасау саласында ортақ техникалық талаптар мен 1 520 миллиметрлік жолтабан стандарты отандық кәсіпорындарға белгілі бір артықшылық береді. Алдағы міндет – еліміз бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын тұстарда импортты біртіндеп қысқар­тып, қосылған құны жоғары өнім экспортын көбейту», дейді Е.Мақанов.

Бұл өзгерістің нақты көрінісі ауыл шаруашылығы техникасы мен теміржол өндірісінен де байқалады. Былтыр елімізде 1 236 астық жинайтын комбайн шығарылды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 13,7 пайыз көп. Отандық техника Тәжікстан, Грузия, Өзбекстанға экспортталады. Теміржол өндірісінде локомотив пен вагонға қоса тұтас илемделген дөңгелек, рельс, вагон бөлшектері, автотіркегіш жабдықтарының элементтері жасалады. Жекелеген өнімдердегі біздің шығару үлесіміз 30 пайыздан 90 пайызға дейін жеткен. 


Елде игерілетін өнім көбейді

Саланың өсуін көрсететін маңызды өлшемнің бірі – бұрын сырттан алынған өнімнің ел ішінде игеріле бастауы. Мәселен, «Инкар-1» кәсіпорны үздіксіз дайындама құю машиналарына арналған ролик­тер мен қайталама салқындату коллекторларын өзі өндіреді. Коллекторлардағы есептік жергілікті қамту үлесі 82,7 пайызға жетті. Дайындаманы пішу, механикалық өңдеу, дәнекерлеу, құрастыру, бақылау, гидравликалық сынақ секілді негізгі жұмыс кәсіпорынның өзінде атқарылады.

Шымкенттегі KARLSKRONA LC AB кәсіпорны инженер­лік жобалаудан бас­тап құю, меха­никалық өңдеу, құрастыру, да­йын өнімді сынауға дейі­н­гі толық өндірістік циклді жолға қойған. Мұндағы сорғы жабдықтарының жергілікті қамту үлесі 60-80 пайызға, құю өндірісінде 90 пайызға дейін жетеді. Кәсіпорын жабдықтары елімізден бөлек Түркия мен Үндістандағы атом энергетикасы жобаларында қолданылады. Қарағандыдағы «Бёмер Арматура» мұнай-газ, энергети­ка, коммуналдық инфрақұрылымға қажет жоғары технологиялық шарлы крандар шығарады. Ал Алматы ауыр машина жасау зауыты 85 жыл ішінде 3 мыңнан астам өнім түрін игерген. Бүгінде оның маркасымен шыққан жабдық әлемнің 32 елінде қолданылады.

Экспорттың географиясы да кең. Бізде құрастырыл­ған локо­мо­тивтер Әзер­байжан, Молдова, Тәжікстан, Қырғыз­стан, Түрікменстан, Украина, Моң­ғолия, Өзбекстанға жеткізілген. Электровоз құрасты­ру зауыты Әзербайжанға 80 сек­ция жүк электровозын экс­порт­тады. Бұған дейін сол елге 40 AZ8A жүк электровозы жіберіл­ген. Биыл Атырау вагон жасау зауыты Моңғолияға 100 люкті жартылай вагон жет­кізуге келісімшарт жасасты. Өн­діріс­тің орнықты жұмысына ішкі тап­сырыстың да ықпалы зор. 2023–2025 жылдары Машина жасаушыларының одағына мүше кәсіпорындар мен «Қазақстан темір жолы» компаниялар тобы арасында 158,8 млрд теңгенің 21 оффтейк-келісімшарты жасалды. «Қазақтелеком» тобымен 6,7 млрд теңгенің 41 келісімшарты бекітілді. «ҚазМұнайГаз» тобында өткен жылы 16 млрд теңгенің 124 келісімшарты жасалса, биылғы алғашқы алты айда тағы 16,4 млрд теңгенің 47 келісімшарты бекітілді.

Қазақстан машина жасау­шыларының одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков саланың алдағы даму бағытын технологиялық жаңарумен байланыстырады.

«Басты бағыт –цифрлық өсімнен технологиялық дамуға көшу. Бізге қосылған құны жоғары, технологиясы күрделі өнім шығарып, жергілікті қамту­ды тереңдету, өз технологиялары­мыз­ды дамыту, өндірістік кооперацияны кеңейту қажет. Кәсіпорындарды роботтандыру, цифрландыру, автоматтандыру да – жеке бағыт. Әрине, адам капиталын дамытуға да ерекше мән берілуге тиіс. Өйткені әр жаңа зауыттың, станоктың, автомобильдің, вагонның немесе күрделі жабдықтың артында инженерлер, конструкторлар, технологтер мен жұмысшылар тұр. Отандық машина жасаудың ертең қаншалық­ты технологиялық болатынын солар­дың білімі мен білігі айқындайды», дейді Т.Базарбеков. 


Зауыт өзегі – адам

Расында өндіріс қанша жаңарып, технология күрделенсе де оның тілін тауып, тетігін іске қосатын – адам. Тек бүгінгі маманға қойылатын талап бұрынғыдан бөлек. Мәселен, кешегі токарь мен бүгінгі токарьдың жұмысында едәуір айырма бар. Қол икемі мен тәжірибе әлі де маңызды, бірақ оған компьютерлік бағдарламаны меңгеру, автоматтандырылған станокпен жұмыс істеу, жаңа материалдардың қасиетін білу секілді машықтар қосылды. Сондықтан қазір салаға инженер-конс­трукторлар, технологтер, автоматтандыру мамандары,цифрлық бағдар­ламалық басқарылатын станок операторлары, токарьлар мен фрезерлеушілер қажет.

Осындай мамандардың бірі – KARLSKRONA LC AB кәсіпорнының жоғары санатты токарі Александр Черных. Оның еңбек өтілі 30 жылдан асады. Осы кәсіпорында 15 жылға жуық еңбек еткен шебердің қолынан мұнай-газ, атом, энергетика салаларындағы күрделі жаб­дықтарға орнатылатын мыңдаған дәл бөл­шек шықты. Қазір ол тәжірибесін жас мамандарға үйретіп жүр.

«Өз қолыңмен жасаған бөлшектің кейін атом энергетикасы немесе мұнай өндірісіндегі күрделі жабдықтың құрамына енетінін білгенде жауапкершілікті ерекше сезінесің. Қандай іске кіріссең де ертең сол жұмысқа өз қолтаңбаңды мақтаныш­пен қоя алатындай сапамен орындау керек. Қазір «жай ғана токарь» деген түсінік өзгеріп барады. Болашақ маман металдың қасиетін, бағдарламаларды, өндірістің толық циклін, сапа талаптарын білуге тиіс. Жастар біздің кәсіпті ауыр жұмыс деп қана емес, кәсіби өсіп, құрметке ие болатын мамандық деп қабылдаса екен. Біз жинаған білімді кейінгі буынға жеткізе алсақ, бұл кәсіптің болашағы бар», дейді А.Черных.


Ал Renaissance SHIK кәсіпор­нының өндіріс жөніндегі директоры Виталий Чернышев еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған. Кейін темір ұстасы кәсібін, дәнекерлеуді меңгеріп, бри­гадир атанды. Қазір кәсіп­орын­дағы өндіріс жұмысына жауап береді. 

«Қарапайым жұмысшыдан бастап, бірнеше кәсіпті меңгеріп, өндірісті басқаруға дейінгі жолдан өттім. Бұл жұмысшы мамандығы­ның адамға кәсіби өсуге үлкен мүмкін­дік беретінін көрсетті. Өндірістің ма­ған ұнайтын тұсы – еңбегіңнің нәти­же­сі көз алдыңда тұрады. Кейін үлкен кәсіпорында немесе өнеркәсіп нысанын­да қолданылатын нақты бұйым жасай­сың. Мұнда бір рет кәсіп үйреніп алып, сонымен тоқтап қалу мүмкін емес. Жаңа жабдық, жаңа технология, жаңа міндет келеді. Соған сай маман да үнемі ізденіп, білімін толықтырып отыруы керек», дейді В.Чернышев.


Иә, зауыттың да өз ырғағы, өз мінезі бар. Бір қарағанда суық темір мен тынымсыз станоктан тұратын осы әлемде талай адамның ғұмыры, кәсіби жолы, қолтаңбасы қалыптасады. Машина жа­саушының мерейі де – осында. Қолынан шық­қан дүние өзінен кейін де қызмет етіп, еңбегінің ізін қалдырады. Шебердің қолы тисе, темірге де «тіл бітіп», кәдеге жарайтыны анық.


Дереккөз: egemen.kz