Елімізде көлік жүз пайыз жасалмағанымен, бұл саладағы өндіріс біртіндеп дамып келеді. Қазақстан машина жасаушыларының одағынан білгеніміздей, салада 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді (ол 37 кіші саланы қамтиды). Соның 20-дан астамы Ақтөбеде орналасқан. Бұл қатарда автомобильдің ұсақ бөлшектерінен бастап, көлік қатынасына қажетті ірі материалдарға дейін бар. Қысқасы, өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының бірі әрі елдің индустриялық дамуының базалық элементі — отандық машина жасау өндірісінің қарқыны жыл санап күшейіп келе жатыр. Арасында ішкі нарықты айтпағанда, экспортқа шығарылатын өнімдер де бар. Бір ғана дерек: егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы 5,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл туралы бізге жоғарыда аталған одақтың директоры Талғат Базарбеков айтып берді.
Бұған қатысты Ақтөбедегі жағдай мен бұл саладағы мәселелер, жалпы машина жасайтын және жөндейтін кәсіпорындардың аяқ алысы туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы өнеркәсіптік даму бөлімінің бас маманы Ақнұр Спановамен сұхбаттасып, теміржол көлігіне қажетті рельс шығаратын еліміздегі бірден-бір зауыт пен мамандар даярлайтын оқу орындардың тынысымен танысқан едік…
Автомобиль, теміржол және әуе көліктерінің отаны
— Ең алдымен Ақтөбедегі машина жасап, жөндейтін кәсіпорындардың әлеуетіне тоқталсаңыз.Бұл саладағы компаниялар көп пе?
— Бірталай. Өңірде бұл салада жұмыс істейтін кәсіпорындардың қатарында Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Азаматтық авиацияның №406 авиажөндеу зауыты, Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты, «Актюбрентген» акционерлік қоғамы, «ЭкоЭкспресс Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, басқа да өндіріс орындары бар. Аталған кәсіпорындар облыстың индустриялық дамуына елеулі үлес қосып жүр.
Мәселен, Ақтөбе рельс-арқалық зауытыныңнегізгі бағыты — ұзындығы 120 метрге дейінгі теміржол рельстерін өндіру. Мұндай технология ТМД аумағында алғаш рет осы зауытта іске асырылды. Жобаға 550 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылып, 800 жұмыс орны құрылды. Тарихы 1939 жылдан басталатын Азаматтық авиацияның №406 авиажөндеу зауыты алғашында У-2, ПО-2, С-2, ЯК-12, ПР-5 ұшақтарын және М-11 әуе қозғалтқыштарын жөндесе, қазіргі таңда авиациялық техниканы жөндеу және қызмет көрсету саласында бәсі жоғары.
Сол сияқты жоғарыда келтірген компаниялардың әрқайсысын тізбектеп айта беруге болады. Көбінің өңірді айтпағанда, елімізде баламасы жоқ. Бір анығы, машина жасау саласына кіретінкәсіпорындардың Ақтөбенің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың дамуына қосатын үлесі зор.
— Әрқайсысы өз ішінде қызметіне қарай бөлінетіні белгілі. Біздің облыста бұл сала бойынша не өндіріледі?
—Осы тұста машина жасау кәсіпорындары қызмет бағытына қарай өз ішінде бірнеше салаға бөлінетінін, біздегі компаниялар, негізінен, мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтар өндіру, медициналық техника жасау, авиациялық техниканы жөндеу және теміржол инфрақұрылымына қажетті өнім шығару бағытында жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Әйтпесе машина жасау саласы десек, бұны тек көлікпен байланыстыратындар көп. Бұл — қате ұғым. Аталған саланың ауқымы кең.
Айталық, Қазақстан мұнай жабдықтары зауытында сорғы-компрессорлық және қаптама құбырлар дайындалса, «ЭкоЭкспресс Ақтөбе» компаниясында пеш, сепаратор, бу генераторлары және мұнай сақтауға арналған резервуарлар өндіріледі және техникалық қызмет көрсетіледі, ал «Актюбрентген» акционерлік қоғамы — еліміздегі медициналық техника шығаратын санаулы өндіріс орнының бірі. Бұның барлығы машина жасау саласына жатады. Көлік өндірісіне тікелей қатысы бар кәсіпорындар бірінші сұрақтың жауабындаайтылды.
—Компаниялардың арасындағы ерекше табысты, болашағы зоры қайсысы?
— Әрқайсысының орны ерекше. Өйткені өндіретін өнімі жағынан баламасы жоқ. Дей тұрғанмен Ақтөбе рельс-арқалық зауытының орны айрықша. Еліміздегі ірі өндіріс орнының қуаттылығы да, экспорттық әлеуеті де жоғары. Сонымен қатар Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты, «ЭкоЭкспресс Ақтөбе» серіктестігі де тұрақты дамып келе жатыр.
— Жұмысы көңіл көншітпейтін өндіріс орындарын біле кетсек.
— Облыста жұмысы тұралап қалған машина жасау кәсіпорныжоқ. Тек өндірісті жаңғырту, технологияны жетілдіру немесе нарық талаптарына бейімделу барысында қиындыққа ұшырасқандар бар. Алайда бұл да кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Мысалы, қандай жағдайға кезіксе де, «Актюбрентген» кәсіпорны мен Азаматтық авиацияның №406 авиажөндеу зауыты өз қызметін тоқтатпай, өндірістік әлеуетін сақтап отыр. Қиындықта болғанмен, кәсіпорындардың тұрақты дамуына жағдай жасалып келеді.
«Ақтөбенің» анықтамасы
АЛҒАШҚЫ КӨЛІКТЕН МАШИНА ЖАСАУШЫЛАР ОДАҒЫНА ДЕЙІН
…Машина жасау — еңбек құралдарын, көліктерді және де қолданыстағы заттар мен қорғаныс өнімдерін жасайтын өндіріс саласының бірі.
…Аталған саланыңмүддесін қорғау және кәсіпорындарға инвестициялар тарту, өндірісті жаңғырту және жаңа нарыққа шығу үшін болжамды әрі қолайлы орта қалыптастыру мақсатында елімізде Қазақстан Машина жасаушыларының одағы жұмыс істейді. Аталған ұйым 2024-2028 жылдарға арналған машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, өткізу нарығын қамтамасыз етіп, өндірісті жоспарлауға мүмкіндік беретін оффтейк-келісімшарттарды және ұзақ мерзімді сатып алу тетіктерін енгізуге жәрдемдесу, отандық шикізат пен материалдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ету, өндірістерді жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландыру мен лизингті дамытуға жәрдемдесу, машина жасаушылар форумын жыл сайын өткізу арқылы кооперацияны дамыту және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін салалық алаң қалыптастыру сынды бірқатар міндетті басты басымдық ретінде белгілеген.
…Облыстық мемлекеттік архив дерегіне сүйенсек, 1938 жылдың 9 қаңтарында Ақтөбеде алғашқы такси өз қызметін бастаған. «Актюбинская правда» газетінің 1938 жылдың 12 қаңтарындағы санында «Алматыдан арнайы жүк таситын 6такси алынды» деген мәлімет бар. Ал1938 жылдың 20 маусымында шаһарда алғаш рет автобустар адам тасу үшін пайдаланыла бастапты. Билет құны — 30-50 тиын.
Ақтөбенің бренді
— Мемлекеттік қолдау жайлы айтсаңыз.
— Машина жасау және жөндеу саласындағы кәсіпорындарды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында кәсіпорындарға инвестициялық жобаларды іске асыруға, өндірісті жаңғыртуға және жаңа технология енгізуге демеу көрсетіледі. Кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, өндірісті цифрландыруға көмектесу, сондай-ақ отандық өндірушілердің өнімін мемлекеттік сатып алулар арқылы қолдау сияқты шаралар жүзеге асырылады. Бұл саланың өңірдегі дамуына және жаңа өндірістің ашылуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
— Сұхбатымыздың соңында өңдеу өнеркәсібі, соның ішінде машина жасау саласындағы Ақтөбенің бренді деп қайсысын атар едіңіз?
— Бізде машина жасау, жалпы өнеркәсіп саласы жыл санап дамып келеді. Өңірде мұнай-газ жабдықтарын шығару, медициналық техника өндіру, авиация техникасын жөндеу және теміржол инфрақұрылымына қажетті өнім шығару бағытында жұмыс істейтін бірқатар ірі кәсіпорын бар. Соның ішінде кейбір өндіріс орындары өңірдің индустриялық брендіне айналып үлгерді.
Сарапшылардың пікірінше, Ақтөбенің өндірістік әлеуетін көрсететін негізгі кәсіпорынның бірі — Ақтөбе рельс-арқалық зауыты. Бұл — теміржол көлігіне рельс шығаратынеліміздегі ең ірі әрі бірегей өндіріс орны. Өнімдері Қазақстанның индустриялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға ықпал ететін зауыттың даму қарқыны ауыз толтырып айтарлықтай. Түптеп келгенде осындай өндіріс орындарыАқтөбенің тек өңірлік емес, республикалық деңгейдегі индустриялық орталықтардың бірі ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.
Ақтөбеден одаққа әзірге 21 компания мүше
«Қазақстан машина жасаушыларының одағы» заңды тұлғалар бірлестігі атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбековтің айтуынша, елімізде 5 мыңнан астам салалық кәсіпорын бар болса, соның 700-і ғана жоғарыда аталған қауымдастыққа мүше екен. Ал Ақтөбеден бұл тізімге 21 компания енген.
Соңғы мәліметке сүйенсек, саланың өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі шамамен 20 пайызға жеткен. Аталған көлік өндірісінде кластерлер қалыптасып, ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ кадрлық әлеуеттің нығаю үстінде екенін ескерсек, машина жасаудың қазақстандық үлгісі енді төрге шығатынын байқау қиын емес.
— Қазіргі кезде машина жасау саласында біршама мәселе бар. Біріншіден, қолжетімді отандық шикізат пен материалдар тапшы. Әсіресе металлургия өнімдерінің импортына тәуелдіміз. Сосын ірі тұтынушылар тарапынан тұрақты әрі ұзақ мерзімді тапсырыстардың жеткіліксіздігін айтуға болады. Үшіншіден, цифрлық алшақтық. Кейбір кәсіпорындар роботтандыруды белсенді енгізіп жатқанымен, жалпы алғанда елдегі роботтандыру деңгейі әлі де төмен. Статистика бойынша, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде 10 мың жұмысшыға шамамен 9 өнеркәсіптік роботтан келеді, ал әлемдік орташа көрсеткіш — шамамен 162. Сондай-ақ импортқа тәуелділік бар. Өндіріс көлемі артқанына қарамастан, машина жасау өнімдерінің едәуір бөлігі әлі де импортталады. Ел импортының құрылымында машина жасау өнімдерінің үлесі шамамен 44 пайызды құрайды. Кадр тапшылығына тоқталмау мүмкін емес. Металл жонушы, фрезерлеушілер, сандық бағдарламалық басқару станоктарының операторлары, инженер-конструкторлар, технологтар және автоматтандыру саласының мамандары жетіспейді, — дейді Талғат Қайырбайұлы.
Сала маманы ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайтынын, машина жасау ісінде бірқатар маңдайалды компанияның барын атап өтті. Одақ басшысы теміржолға қажетті материалдар шығаратын Ақтөбе рельс-арқалық зауытын мысалға келтірді. Халықаралық стандартқа сәйкес келетін өнімдер қазірдің өзінде экспортқа, оның ішінде Әзірбайжан, Вьетнам және Орталық Азия елдеріне жеткізілетінін, жыл сайын өнім номенклатурасы кеңейіп келетінін тілге тиек етті.
Машина жасау саласындағы стратегиялық кәсіпорын
2013 жылы құрылып, ресми түрде пайдалануға берілгеніне биыл 10 жыл толған Ақтөбе рельс-арқалық зауыты — 883 ақтөбелікті жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорын. 79 гектар аумақты алып жатқан өндіріс орнында теміржол көлігінің материалдары — Қазақстандағы стратегиялық мақсаттағы рельстер мен орташа пішінді илек өнімдері (бұрыштық, қоставр, швеллер, арқалықтарды және СВП профилі) өндіріледі. Өндірістің негізі әлемдік деңгейдегі Siemens-VAI жоғары дәлдікті илеу кешені негізінде құрылған.
— Зауыт жылдық қуаты —430 мың тонна. Оның 200 мың тоннасы — рельс, 230 мың тоннасы — пішінді илек. 2016-2025 жылдар аралығында зауыт жалпы көлемі 1,5 миллион тоннадан астам металл өнімін өндірді, бұл 11 588 шақырым темір жол салуға жеткілікті.
Зауыт іске қосылғаннан бері1 миллион тоннадан астам рельс«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына тозған жолдарын жаңарту және жалпы ұзындығы 7700 шақырымнан астам жаңа учаскелерді салу үшін жеткізілді, — дейді зауыттың бас директоры Евгений Нестеренко.
Түрлі рельс шығаратын зауыттың, әсіресе Р65 (ДТ350, ДТ370ИК), Р65 (ДТ350ВС / ВС400), Р65 (ДТ350СС), Р65 (ДТ350НН), Р50 сияқты рельстері ерекше сұраныста екенін білдік. Соның ішінде Ақтөбедегі өндіріс орнының 120 метрге дейінгі ұзын өлшемді рельстерді өндіруден ТМД кеңістігінде баламасы жоқ екенін айта кету керек.
«2025 жылы рельстер өзіміздің елден бөлек, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Украина, Әзірбайжан, Грузия, Эстония, Латвия, Литва, Польша, Молдова, Беларусь мемлекеттеріне экспортталды. Маман мәселесіне келсек, біліктілігі жоғары металлургтер, илек пен металтану бойынша кадрлар қажет», — дейді зауыт басшысы.
АЙТПАҚШЫ…
Қазақстан Машина жасаушыларының одағының ұйытқы болуымен алдағы сәуір айының 2-3 күндері Астана қаласында Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы өтпек.
Мемлекет пен бизнес арасындағы негізгі диалог алаңында өнеркәсіптік саясат тетіктері, импортты алмастыруды ынталандыру шаралары, технологиялық жаңғырту және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланады.
Форум аясында «EXPO» халықаралық көрме орталығында машина жасау саласының әртүрлі бағыттарына арналған заманауи технологиялар, жабдықтар мен шешімдер ұсынылатын «KAZAKHSTAN MACHINERY FAIR-2026» халықаралық мамандандырылған көрмесі ұйымдастырылады.
Білікті кадр не дейді?
Жоғарыда аталған зауыт ашылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман — рельс-арқалық цехының басшысы Дінмұхаммет Ахунбаев өндіріс орнында
техника ғана емес, адамдар, олардың ынтасы мен тәртібі де маңызды екенін айтады.
— Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің технологиялық машиналар мен жабдықтар мамандығының түлегімін.
Осы зауыттағы он жыл ішінде қатардағы маманнан цех басшысына дейінгі жолдан өттім. Мұндағы әр жыл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Міндетіме өндіріс процесін ұйымдастыру, шикізатты алудан бастап дайын рельсті соңғы бақылауға дейінгі барлық кезеңнің технологиялық тұрғыда сақталуын қадағалау кіреді. Цехтағы жабдықтарды, өндірістік қуатты тиімді пайдалануға да жауап беремін.
Осы қызметтегі ең күрделі нәрсе — мен үшінұжыммен жұмыс істеу және әр қызметкерден нақты нәтиже алу. Неге десеңіз, цех тірі организм сияқты: Команда үйлесімді еңбек етіп, жоспар талапқа сай орындалса, жұмыс күнімнің бекер өтпегені деп білемін, — дейді 32 жастағы Дінмұхаммет.
Болашақ мамандардың ұстаханасы
Ақтөбеде машина жасап, жөндейтін маман даярланатын бірнеше арнаулы орта оқу орны бар. Соның бірі — Ақтөбе автожол колледжінде қазіргі таңда 8 мамандық бойынша 1052 жігіт пен қыз білім алып жүр. Мемлекеттік тапсырыс негізінде оқитындарға грант, шәкіртақы қарастырылған. Аталған колледждің директоры Ғалия Жұмағазина:
— Жыл санап жұмысшы мамандықтарға, соның ішінде автожол саласына қызығатын жастар артып келеді. Егер осыдан 5-10 жыл бұрын бұл мамандықтарды таңдайтындар біршама аз болса, бүгінде талапкерлер арасында сұраныс жоғары. Колледж түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар серіктес кәсіпорындармен, соның ішінде «Шинторг центр», «Көл Авто», «КамАЗ центр», «Адал сервис» сияқты өңірлік ірі компаниялармен тығыз байланыс орнатқан. Бұл жастардың өндірістік тәжірибеден өтуіне, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік беріп қана қоймай, оқу бағдарламасын еңбек нарығының талабына сай жетілдіруге де ықпал етеді. Нәтижесінде колледж түлектері мамандығы бойынша жұмысқа орналасуда жақсы көрсеткішке ие. Түлектердің шамамен 70-80 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, табысты еңбек етіп жүр.
Колледжде машина жасау және техникалық қызмет көрсету саласына қатысты бірнеше мамандық бар: «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету», «Тоңазытқыш-компрессорлық машиналар мен қондырғыларды пайдалану және монтаждау». Оқу бағдарламасы теориялық біліммен қатар, өндірістік тәжірибені де қамтиды. Арнайы пән оқытушылары мен әлеуметтік серіктестерден құралған жұмыс тобы академиялық дербестікке негізделіп, білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Оқу мерзімі — 2 жыл 10 айдан 3 жыл 10 айға дейін. Бізде оқығандар автосервис орталықтарында, өндіріс кәсіпорындарында, жол-құрылыс ұйымдарында және көлік компанияларында қызмет етеді, — дейді.
Колледж басшысының айтуынша, уақыт талабына сай оқу үдерісіне электромобильдерді диагностикалау және жөндеу жабдықтары енгізілген. Өйткені көлік саласының дамуына үлес қосатын білікті маман даярлау — басты мақсат.
Ал Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде автомобиль көлігі және оған қызмет көрсету мамандығы бойынша алғашқы түлектер 2020 жылы дипломын алған. Сол уақыттан бері барлығы 167 білім алушы «Техник-механик» біліктілігіне ие болып, еңбек нарығына жолдама алыпты.
— Сабақ бағдарламасына келсек, алғашқы курста жалпы білім беру пәндерін меңгерсе, одан кейін жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсетуді үйренеді, артынша жүк көліктерінің қыр-сырына қанық болады. Ал соңғы 4-курста жалпы көліктерге диагностика жасау және жұмысқа орналасқан жағдайда жұмыс жоспарын оңтайландыру, мекемедегі жұмыспен қамту шараларымен танысады.
Оқу тегін, мемлекеттік грантта оқитын білім алушылар 43,560 теңге, ал үздік оқитындар 50,000 теңге шәкіртақы алады, — дейді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің циклдық-әдістемелік бірлестік төрағасы, арнайы пән оқытушысы Бақытбек Ізтілеуов.
Дереккөз: aqtobegazeti.kz