Жеңіс Қасымбек автомобиль шығару өндірісі не себепті артқанын түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі.

Бұл туралы Астанада Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Машина жасау саласы индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының басым бағыты. 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша машина жасау өндірісінің көлемі 638,1 млрд теңгеден асып, өндірістің өсімі 13,8 пайызды құрады. Автомобиль құрау машина жасау салалары арасында ең үлкен өсім қарқынын байқатты. Биыл 8 айда жалпы құны 117,7 млрд теңге болатын 19 мыңнан аса автомобиль шығарылды (ФКИ 150,1%). Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге көп», – деп атап өтті министр.

«Өндірістің күрт өсуіне нарықтағы сұраныстың артуы, экспорттық нарықтардың ашылуы, сондай-ақ мемлекет тарапынан дайындалған жеңілдетілген автонесие мен лизингтік қаржыландыру бағдарламалары себеп болды. Бұл бағдарламалар автомобиль жасау секторының дамуына оң серпін берді. Егер 2017 жылы сатылған әрбір үшінші автомобиль отандық кәсіпорындарда шығарылған болса, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі», – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы жылы жеңілдетілген несиелендіру (10 млрд теңге сомасында) және коммерциялық техниканы лизингті қаржыландыру (30 млрд теңге) бағдарламаларын жалғастыру жоспарланып отыр.

Қайнар көз: https://www.inform.kz/kz/zhenis-kasymbek-avtomobil-shygaru-ondirisi-ne-sebepti-artkanyn-tusindirdi_a3398476