Венада бизнесті қорғауға бағытталған қазақстандық жоба таныстырылды

ВЕНА. ҚазАқпарат – 28 қыркүйек күні Австрия елордасында қазақстандық-австриялық экономикалық форумының алаңында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазақстандық бизнес пен инвесторларды қорғау бойынша жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан бизнесті жеңіл жүргізу үшін барлық жағдайды жасады. Шетелдік инвесторлар кеңесі тиімді жұмыс істейді. «Астана» Халықаралық қаржы орталығы құрылды, онда ағылшын заңдарының принциптері бойынша тәуелсіз қаржылық сот жұмыс істейді. Біз ЭЫДҰ Инвестициялық комитетінің мүшесі болдық және инвестицияларды қорғау туралы 50-ге жуық келісімшартқа қол қойдық. 62 ел үшін визасыз режим енгіздік. Инвестиция тартуды күшейтуге бағытталған осы үрдісті жалғастыруда Агенттік адал бизнесті қорғауға негізделген «Бизнесті және инвестицияны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарсы сүйемелдеу» жобасын іске қосты. Яғни, инвесторларды теріс пиғылды шенеуніктердің тарапынан орын алатын кез келген бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық қол сұғушылықтан 100% қорғау. Тек 3 айда, біз құны 12 млрд евродан астам 140 бизнес-жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қамқорлыққа алдық», – деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Бұдан басқа, Агенттік төрағасы лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуын болдырмау жөніндегі жұмыстың күшейтілгенін атап өтті.

«Қазақстан бизнесті тиімді жүргізу үшін шығындарды азайтуға көп көңіл бөледі. Бұған ағымдағы жылы мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларының 30%-ға қысқартылғандығы дәлел», – деді спикер.
Австрияға іссапар барысында А. Шпекбаев Австрияның Мемлекеттік қызмет және спорт министрлігінің Бас хатшысы Р. Вайнертпен және Мемлекеттік басқару академиясының директоры К. Хартманнмен екі жақты кездесулер өткізді.

Қайнар көз: inform.kz