Техникалық мамандар даярлаудағы ынтымақтастық

Қазақстан машина жасаушылар одағы және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­тех­никалық университеті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бастамасымен жастар әлеуетін дамыту бөлігінде «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Президент Жолдауының негізгі тар­мақтарын іске асыруға кірісті.

Жастар жылы аясында одақ пен университет машина жасау саласында техникалық ма­ман­дықтардың білікті кадрларын даярлауға бағытталған ынты­мақ­тастық туралы мемо­ран­думға қол қойды. Шараға аталған одақ басқар­масының төрағасы Мейрам Пішембаев, С.Сей­­фул­лин атындағы Қазақ агротех­ни­калық универ­ситетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев және ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.

«Ауыл шаруашылығы өн­ді­рісін дамыту инновацияны қол­дау арқылы іске асады. Бүгінгі іс-шара машина жасау саласында жаңа форматтағы кадрларды даярлауға бағытталған болашақ ынтымақтастыққа жақсы түрткі болады», деді ректор.

М.Пішембаев та бұл шараның маңызын атап өтті. «Бүгін біз ғылым мен биз­нес­тің өзара іс-қимылы саласын­дағы маңызды іс-шаралардың бірін өткіземіз. Елбасы айт­қан әлеуметтік бастамалар төртінші өнеркәсіптік төңкеріс жағдайында жаңа экономикада талап етілетін мамандарды дамытуға баса назар аударады. Яғни, машина жасауда ғана емес, барлық өңдеуші саланы дамытудың қозғаушы күші болатын білікті кадрлар қажет», деді ол.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры одақпен бірлесіп робот­техника бойынша практикалық сабақтар өткізуге арналған оқу жинақтарын, құралдар мен қорғаныс құралдарын табыс етті. Бұл жинақтар оқыту процесін толықтыруға, атап айтқанда, теориялық білімді практикада қолдануға мүмкіндік береді. Өз кезегінде студенттер зертханада өздерінің тәжірибелік дағдыларын көрсетті.

Рауан ҚАЙДАР, «Egemen Qazaqstan»