АҚШ-та әуеге тік көтерілетін жолаушылар ұшағы жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Америкада Transcend Air стартапы әуеге тік көтерілетін жолаушылар ұшағын ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА CNN телеарнасына сілтеме жасап.

Компания өкілдерінің айтуынша, тік ұшатын ұшақтар негізінен бизнес тасымалдаулар үшін қолайлы, олар кәсіпкерлердің уақыт үнемдеуіне септігін тигізеді. Ұшақтың әуеге көтерілуі мен қонуы үшін кез келген алаң, соның ішінде тікұшақ алаңдары да жарамды.

Transcend Air бас операциялық директоры Питер Шмидттің сөзіне қарағанда, компания әзірге нарықты реттеушілермен келіссөздер жүргізуде. Компания мұндай ұшақтардың қызметіне 2024 жылға қарай рұқсат алуды жоспарлап отыр.

Ұшақты  6 жылдың ішінде жасалған. Сырт пішінінен тікұшақ іспеттес алып дронды еске салатын ұшақтың салонында небәрі алты орын бар. Онда бортсерік қызметі көрсетілмейді.

Ұшақ жылдам ұшады. Егер жоба құпталса, америкалықтар Нью-Йорктан Бостонға дейін 36 минутта (жеңіл көлікпен шамамен 3,5-4 сағат), Лос-Анджелестен Сан-Францискоға 55 минутта, ал Торонтодан Монреальға  бір сағатта жетуге болады.

Фото: transcend.aero

Қайнар көз: inform.kz