2018-2019 жылдары Қазақстанда 3 мың вагон шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек теміржол және ауыл шаруашылығы саласында машина жасау деңгейі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Теміржол саласында машина жасауға тоқталсақ, биылғы 8 айда 1 мыңнан астам жүк вагондары өндірілді. Бұл көрсеткіш 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық», – деп тоқталды Жеңіс Қасымбек Астанада Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумында.

Оның сөзіне қарағанда, өндірістегі өсім мемлекеттік қолдау есебінен мүмкін болды. «2017 жылы ҚДБ-Лизинг 80-футтық платформаларды өндіруге 50 млрд теңге бөлді. 2018-2019 жылдары 3 000 вагон шығару жоспарланып отыр», – деді министр.

Бұдан бөлек ол ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласына тоқталды.

«2018 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы техникасы секторының өндіріс көлемі 12 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,8 пайызға ұлғайған. Өндіріс көлемінің өсуі «Агромашхолдинг» АҚ, «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС, «Қазақстандық агроинновациялық корпорация» ЖШС-де байқалады. Мемлекет саланы қолдаудың бірқатар шараларын қабылдауда. Атап айтқанда, биыл бюджеттен комбайндар мен тракторлардың жеңілдетілген лизингіне қаражат бөлінді (3 млрд теңге көлемінде). Министрлік келесі жылы қосымша 3 млрд теңгені бөлу шараларын бөлуді пысықтауда», – деді Жеңіс Қасымбек.

Қайнар көз: inform.kz