Қазақстанның машина жасау өнеркәсібі неміс және Австрия бизнесінің қызығушылығын тудыруда

2023 жылдың 22 ақпанында Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде Германия экономикасының Шығыс комитетінің қолдауымен Қазақстан мен Германия арасындағы машина жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мүмкіндіктері тақырыбына 40-қа жуық неміс салалық қауымдастықтар, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Қазақстанның машина жасаушылар одағының Басқарма Төрағасы Пшембаев М.Қ. негізгі баяндама жасап, машина жасау республика экономикасының басым салаларының бірі болып табылатынын атап өтті.

Атап айтқанда, бұл сектордағы өндіріс көлемі 2010 жылдан 2022 жылға дейін тоғыз есеге, 750 миллионнан 6,8 миллиард АҚШ долларына дейін өсті. Осы кезеңде еңбек өнімділігі 5,5 есе, яғни бір адамға 4,5 мыңнан 25 мың долларға дейін, ал экспорт көлемі он екі есе, 330 миллион доллардан 3,9 миллиард долларға дейін өсті. 2028 жылға қарай бұл көрсеткіштер екі есе өседі деп күтілуде.

Іс-шараның соңында қатысушылар 2023 жылғы 10-12 мамырда Астанада өтетін Машина жасаушыларының XI форумына және «Қазақстан машина жасау көрмесі 2023» жетекші салалық көрмесіне шақырылды.

Сонымен қатар дөңгелек үстел шеңберінде машина жасау, өндіріс және жабдықтарды жеткізу саласында жұмыс істейтін бірқатар неміс компанияларының өкілдері мен Неміс көлік өнеркәсібі қауымдастығының (VDA) сыртқы экономика, сауда және кеден департаментінің басшысы Ангела Манспен кездесулер орын алды. Осылайша, CLAAS тобының акционерлер кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер 2021 жылы Петропавлда іске қосылған CLAAS машина жасау зауыты 2 жылда 400-ден астам жабдықты құрастырғанын айтты. Биыл тағы 478 трактор, комбайн, сепкіш, жатын және басқа да ауыл шаруашылығы машиналарының түрлерін шығару жоспарланған.

Ынтымақтастықтың перспективалық аспектілері Пшембаев М.Қ. және Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Бақаев Ә.Ә. Австрия машина жасаушылар қауымдастығының (Association of Metaltechnology Industries) басшылығымен кездесуінің негізгі тақырыбына айналды. Кездесу барысында машина жасау саласындағы қарым-қатынастарды тереңдету мәселелері талқыланды.