Қазақстан мен Финляндия тиімділігі жоғары жобаларды бірлесіп атқармақ

ХЕЛЬСИНКИ. ҚазАқпарат – Қазақстанның машина жасаушылар одағы мен Фин салалық технологиялар федерациясы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға ресми сапары аясында рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Хельсинкиден.

Екі елдің машина жасау саласындағы іскерлік ынтымақтастығын нығайту және  қатынастарды кеңейтуге бағытталған құжатқа Қазақстанның машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев пен Фин салалық технологиялар федерациясының басқарма төрағасы, «Нокиа» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа қол қойды.

«Келісім елдеріміз арасындағы бизнес жобаларды дамытуға тың серпін беріп, қазақстандық кәсіпкерлер үшін фин бизнесмендерімен «бір терезе» арқылы байланыс орнатуға мүмкіншілік ашады. Біз үшін мұнай-газ, тау-кен, машина жасау, ауыл шаруашылығы сынды салалардағы импорт тауарларды алмастыруға мүмкіндік беретін фин жобаларын алу барынша пайда әкеледі. Фин кәсіпорындары шығаратын өнімдер негізінен экспортқа бағытталған. Біз де импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыруға  ден қойып отырмыз. Сондықтан бұл келісімнің еліміз үшін маңызды болары сөзсіз», – деді Мейрам Пішембаев.

Айта кетейік, меморандум бизнестің жаңа ұзақ мерзімді өзара тиімді серіктестік қатынастарды орнатуға, сонымен қатар Финляндия және Қазақстанның машина жасау және аралас өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлермен бірігіп жүзеге асырылатын тиімділігі жоғары инновациялық жобаларды іске асыруға жағдай жасайтын болады.

Қайнар көз: kazinform